«Samruk-Green Energy» ЖШС-нің қуаты 5 МВт жел электр станциясының (ЖЭС) кезекші инженері, жас маман, сондай-ақ Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша магистранты Динара Тілегенова педагогикалық практика аясында бакалавриаттың үшінші курс студенттеріне «Сызықтық автоматты реттеу жүйелері» пәні бойынша дәріс және «SafeLab: Қауіпсіздік зертханасы» тақырыбында практикалық сабақ өткізді.

Сабақ барысында автоматты реттеудің негізгі қағидалары, жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері қарастырылып, теориялық білімді нақты инженерлік міндеттерді шешуде қолданудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар студенттер өндірістік тәуекелдерді бағалау және оларды төмендету әдістерімен танысты.

Динара студенттермен жел электр станциясындағы кәсіби қызмет тәжірибесімен бөлісіп, энергетика саласындағы жұмыстың ерекшеліктері, кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндіктері, мамандық таңдаудың маңыздылығы, практикалық тәжірибе жинақтау және үздіксіз кәсіби дамудың рөлі туралы әңгімеледі.

Бұл кездесу педагогикалық қызметті практикалық инженерлік тәжірибемен ұштастыруға, студенттердің кәсіби қызығушылығын арттыруға және болашақ мамандардың технологиялық процестерді автоматтандыру, энергетика саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану және өндірістік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік берді.