Корпоративтік құндылықтарды илгерілету, энергетика саласы мамандықтарын танымал ету, жастардың жаңартылатын энергия көздеріне деген қызығушылығын арттыру, кәсіби бағытты саналы түрде таңдауды қалыптастыру және әлеуетті кадрларды тарту мақсатында «Samruk-Green Energy» ЖШС жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін кәсіптік бағдар беру іс-шаралар сериясын өткізді.
2026 жылғы 17 қыркүйекте қуаты 2 МВт/416 кВт күн электр станциясы (КЭС) алаңында станция бастығы Жакитов Манат Советович Қонаев қаласындағы мектеп оқушыларымен таныстыру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында оқушылар жаңартылатын энергетиканың дамуы, орнықты даму қағидаттары, энергетика саласындағы заманауи технологиялар, өндірістік қауіпсіздік талаптары, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың экологиялық тиімділігі, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және электр энергиясы тапшылығының алдын алудағы «жасыл» энергетиканың рөлі туралы ақпарат алды.
2026 жылғы 1 қазанда Еңбекшіқазақ ауданының Нұрлы ауылында орналасқан қуаты 5 МВт жел электр станциясы (ЖЭС) алаңында станция бастығы Тұрғанжанұлы Ардақ жергілікті жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушылары үшін «SafeLab: Қауіпсіздік зертханасы» тақырыптық сабағын және қауіпсіздік бойынша практикалық сабақ өткізді.
Практикалық сабақ шеңберінде оқушылар негізгі өндірістік тәуекелдермен, энергетикалық объектілердегі қауіпсіз мінез-құлық ережелерімен, жеке қорғаныс құралдарымен және жазатайым оқиғалардың алдын алу қағидаттарымен танысты. Қауіпсіздік мәдениетін және тәуекелдерге саналы түрде қарауды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Оқушылар энергетика саласының мамандықтарына, күн және жел электр станцияларының құрылысы мен жұмыс істеу қағидаттарына, заманауи технологияларға және жаңартылатын энергетиканы дамыту перспективаларына зор қызығушылық танытты. Практикалық өзара әрекеттесу форматы оқушыларға жаңа білім алып қана қоймай, энергетика саласы мамандарының шынайы жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Мұндай іс-шараларды өткізу — «Samruk-Green Energy» ЖШС-ның энергетикалық мамандықтарды танымал ету, қауіпсіздік мәдениетін дамыту және саланың кадрлық әлеуетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Компания білім беру мекемелерімен кәсіптік бағдарлау жұмысын әрі қарай жалғастырып, жастардың кәсіби өзін-өзі айқындауына және жаңартылатын энергетика саласындағы заманауи әрі болашағы зор мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.







