«SK Jastar Talents» жастар саясаты аясында ұйымдастырылатын BIR TOLQYN форумы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жас мамандарын біріктіретін маңызды алаңдардың бірі. Форумның негізгі мақсаты – өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және жастардың жаңа бастамаларын қолдау.
Компаниямыздың атынан форумға 5 МВт ЖЭС кезекші инженері Тілегенова Динара қатысты. Қатысушылар спорт және денсаулық, волонтерлік және әлеуметтік бастамалар, тәжірибе алмасу, оқыту және коммуникация, жобалық даму бағыттары бойынша командалық жұмыс жүргізді.
Динараның командасы «Тәжірибе алмасу» бағыты бойынша жас мамандардың кәсіби дамуына арналған ұсыныстар әзірледі. Олардың қатарында HR-ротация, компанияаралық тағылымдамалар, менторлық бағдарламалар, job shadowing тәжірибесі және тұрақты кәсіби кездесулер бар.
Форум бағдарламасындағы психологпен кездесу барысында ұжымдағы қарым-қатынас, эмоциялық тұрақтылық, кәсіби күйзелістің алдын алу, сондай-ақ жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңгерім мәселелері талқыланды.
BIR TOLQYN секілді форумдар жас мамандарға тәжірибе бөлісуге, кәсіби байланыстар орнатуға, жаңа идеялар ұсынып, оларды бірлескен жобаларға айналдыруға мүмкіндік береді.






