2025 жылдың наурыз айының 26-сы күні «Samruk-Green Energy» ЖШС әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің студенттері үшін кіріспе дәрісін өткізді. Дәрісті «Samruk-Green Energy» ЖШС өкілі – еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маман Алшын Ғани Мақсатұлы оқыды. Дәрістің негізгі мақсаты жас ғалымдар мен студенттерге жаңартылатын энергия көздері және тұрақты даму саласындағы инновациялық технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік негіздері туралы ақпарат беру.
Дәріс барысында Серіктестік экологиялық таза энергия өндіру бойынша жобалары мен технологияларымен таныстырды. Серіктестіктің негізгі қызметі жел және күн энергиясынан электр энергиясын өндіру түріндегі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы елде энергия өндіру мен тұтынудың экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған.
Дәрістің бір бөлімінде Серіктестіктің өкілі мен студенттер Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің болашағын және осы саланың даму әлеуетін талқылады. Сонымен қатар, күн және жел сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мүмкіндіктері мен олардың экономикалық тиімділігіне назар аударылды.
Сондай-ақ Серіктестіктің өкілі студенттерге өндірістік қауіпсіздіктің маңыздылығы, өндірістік жарақаттардың себептері және қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған негізгі шаралар туралы айтып берді.
Дәрістен кейін студенттер мен Серіктестіктің өкілі арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы елдегі экологиялық жағдайды жақсарту және энергия тапшылығын болдырмау мүмкіндіктері туралы сұрақ-жауап өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңартылатын энергия көздерін дамытудың проблемалары мен перспективалары туралы өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, «Samruk Green Energy» ЖШС өкілі студенттерге бұл саланың болашағы зор екенін және жас мамандарға көптеген мүмкіндіктер ашылып жатқанын айтып, оларды өз жобаларына қатысуға шақырды.
Бұл дәріс студенттерге тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық таза технологиялардың дамуын түсінуге мүмкіндік берді. «Samruk-Green Energy» ЖШС қызметі туралы ақпарат студенттерді болашақта оқуда осы саланы тереңірек оқып, жаңартылатын энергия көздері саласындағы маман ретінде қалыптасуына ынталандырды.